ҰЛТТЫҢ БОЙЫНДАҒЫ БАР ЖАҚСЫ ҚАСИЕТІН — ТІЛІН, ДІНІН, ӘДЕТ-ҒҰРПЫН, САЛТ-САНАСЫН, ДӘСТҮРІН НЕМЕРЕСІНЕ, НЕМЕРЕСІНЕН ШӨБЕРЕСІНЕ ЖЕТКІЗУШІ, ДАМЫТУШЫ, ӘРИНЕ, ӘЙЕЛ — АНА.
Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқан. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық.
Жоғары сынып қыздары арасында «Бүгінгі таңда қазақ қызы қандай?» деген сұрақ төңірегінде пікірталас кездесу өткізілді. Пікірталас барысында жаңа әлеуметтік даму жағдайында қыз балаларға тәрбие берудің жүйесін айқындай отырып, ғылымның барлық бағыттарында интеллектуалды қабілеттері дамыған, белсенді шығармашылық іс-әрекеттерге дайын, ұлттық және әлемдік білім нәрінен сусындаған, жоғарғы деңгейдегі мәдениетті және адамгершілікті, жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар алып жүре алатын, өзінен кейінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік ұғымын түсінген қыз баланың тұлғасын қалыптастыру маңыздылығы жан-жақты қарастырылып, ортақ ой талқысына түсті. Қыздарымыз өз пікірлерін еркін және нақты дәлелдермен ұштастырып жеткізе білді. Елімізде әдемі, әрі ақылы мен көркі жарасқан сұлу да саналы қыздарымыз өсе берсін! «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген Мұхтар Әуезовтың нақыл сөзін әрдайым жадымызда ұстайық!