Ата — аналар мен тәрбиешілерге арналған кеңестер
Майтабандық деген не және одан қалай арыламыз?
Майтабандылық (майтабандық) – табанның сыртқы және ішкі пішінінің өзгеруі (деформацияға ұшырауы) салдарынан пайда болатын ауру, тірек-қимыл аппаратының ауруы. Адамның табаны көптеген сүйектерден, буын және сіңірлерден тұрады. Сүйектердің дұрыс орналасуы өте маңызды. Себебі жүру барысында адамның барлық салмағы тікелей аяққа түседі. Табанның элементтері бір-бірімен байланыса отырып екі доға құрады, оны «табан күмбездері» деп атайды. Олар бойлық (табанның ішкі бөлігі) және көлденең (саусақтар арасы) түрде орналасады. Осы екі доға арқасында табанның ортаңғы бөлігі жерге тимейді. Ал майтабандылығы бар адамның бүкіл табаны жерге тиіп тұрады, яғни табан күмбездері төмен түскен. Бұл аяқтың амортизациялық қабілетін нашарлатады. Аяқ тез шаршап, табанда ауырсынулар байқалады. Табан күмбездерінің деформациялануына қарай майтабандықтың екі түрі анықталған: бойлық және көлденең.
Пайда болуына қарай майтабандықтың төменгідей түрлері болады:
- туабітті пайда болатын майтабандық – құрсақ ішіндегі даму ауытқуының салдарынан болады. Жалпы, туабітті майтабандық өте сирек кездеседі;
- рахитттік (мешелдік) майтабандық – бір жасында рахитпен ауырған балаларда кездеседі. Рахиттің салдарынан өзгеріске ұшыраған сүйектер мен буынды сіңірлерге баланың дене салмағы түсуі салдарынан болады. Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеуі де себеп болуы мүмкін;
- жарақаттанудан кейін пайда болатын майтабандық – толарсақ, өкше және тобық сүйектернің сынуынан кейін қалыптасады;
- паралич (сал ауруы) салдарынан болатын майтабандық. Екі немесе бір аяқтың ортан жілік бұлшық еттері мен қысқа бұлшық еттерінің сал ауруының нәтижесінде, орталық және шеткі жүйке жүйесінің бұзылыстарынан пайда болады;
- статикалық майтабандық – табан деформациясының ең көп тараған түрі. Ұзақ уақыт бойы түрегеп тұрып істелетін жұмыстың, артық салмақтың, эндокринді бұзылыстар салдарынан болады.
Майтабандықтың салдарынан балаларда төмендегідей қиындықтар туындауы мүмкін. Табанның аса маңызды қызметі – амортизация қабілеті – бұзылады. Нәтижесінде жүріп, жүгіру кезіндегі дене тербелісі сирақ, ұршық буындары мен омыртқаға беріледі. Буындарға ұзақ уақыт салмақ түскендіктен қабынулар нәтижесі артрозға алып келуі мүмкін. Майтабандықтың омыртқаға тигізетін әсерінен омыртқа қисайып, сколиоздың дамуы мүмкін. Ал аяқтың шаршап ауырсынуы, бас ауыруы болашақта баланың сабағының нашарлауына септігін тигізеді.
Майтабандықтың бар екенін дәрігерге бармай тұрып қалай анықтауға болады?
Негізі майтабандықты ортопед дәрігер анықтайды, алайда үй жағдайында қарапайым тест арқылы сіз балаңызда майтабандылықтың бар-жоқтығына көз жеткізе аласыз. Тестті жасау (плантография) үшін баланың табанына өсімдік майын жағып, таза парақтың бетін басқызасыз. Нәтижесінде бала табанының ізі алынады. Осы іздің түріне қарай майтабандық анықталады. Егер де із жалпақ, яғни табанның бүкіл беті із болып түссе – балаңызда майтабандық бар деген сөз. Майтабандылығы жоқ адамның ізінде табанның ортаңғы ойығы оның енінің 2/3 бөлігін алды. Майтабан адамда ондай ойық мүлдем болмайды.
Жүре пайда болатын майтабандылыққа әсер етуші факторлар:
- Баланың артық салмағы.
- Сапасы төмен аяқ киім кию (тым жұмсақ немесе қатты табанды аяқ киім, резеңке аяқ киім, өкшесі тым биік немесе өкшесі жоқ аяқ киім).
- Баладағы мешел ауруы және кальций мен фосфор алмасуының бұзылуы.
- Теріс бітіп кеткен сыну.
- Ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт төсек тартып қалу.
- Буындардың тым көп қимылдауы.
- Ауыр көтеру (мысалы: бала кезінде өзінен кейінгі іні қарындастарын көтеру).
- Балетпен тым ұзақ уақыт шұғылдану.
Майтабандықты емдеу
Бұл ауруды емдеудің негізігі мақсаттары: табандағы ауырсынуларды жою, аяқтың бұлшықеттері мен сіңірлерін күшейту және табанның қызметін қалпына келтіру. Майтабанды емдеудің негізгі екі әдісі бар: хирургиялық жолмен (операция) және керітартпа жолмен.
Майтабандықтың алдын алу
Балалардағы майтабандықтың алдын алу үшін келесі жаттығулар кешені қолданылады:
- Еден үстінде оқтау немесе кішігірім допты табанмен домалатып сырғанату.
- Еденнің үстіне жұмсақ қағаз төселеді. Соны табанмен қысып умаждау керек.
- Еденнің үстіне шашылып тасталған заттарды табанымен алып, бір орыннан екінші орынға тасымалдау.
- Табанмен сыртқа және ішке қарай шеңберлі қозғалыстар жасау.
- Екі табанының арасына допты қысып көтеру.
- Табанының ұшымен, өкшесімен және табанның ішкі шетімен кезектеп жүру.
- Бұжырлы бетте жүру (массажды кілемше, құм, жұмыр тас).
- Бөрене үстінде жүру, арқан бойына өрмелеу.