Наурыз мерекесі  жақындаған сайын әрбір отбасы Наурыз көже жасауды міндет деп санайды

Наурыз мерекесі  жақындаған сайын әрбір отбасы Наурыз көже жасауды міндет деп санайды. Тіпті білмейтін жас жеңгелеріміз үлкен адамдардан ақыл-кеңес сұрап, Наурыз көжеге не қосу керектігін саралап жатады.

Төменде «Ақ ниет» мектеп-интернатының 4 топ тәрбиеленушісі Серікбек Айбардың анасы Нұрсауле ханымның наурыз көжені даярлау үлгісін ұсынып отырмыз.

Құрамы: 1 келі ет

Қазы, қарта

100 грамм бидай

100 грамм күріш

100 грамм жарма (перловка)

100 грамм тары

Тұз

3 литр су

1 литр сұйық құрт

Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатыңыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып,. 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға салып, қалауыңызша құрт қосып араластырыңыз. Астарыңыз дәмді болсын!