Талабыңа нұр жаусын — Ерікболсын…
Біз өмір сүріп жатқан ғасыр – білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні жарық, болашағы жарқын. Қазақстанда алғаш болып, оқытудың ерекше түрін қажет ететін балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп – интернатының жұмыс жасауы, жарық- жарқын болашаққа көп балаларды жетелеген мекен болып табылады.
Бұл жерде:
• ерекше жағдайды қажет ететін балаларға кедергісіз орта жасалған;
• қатарластарымен тең дәрежеде сапалы білім игереді;
• көру, есту, сөйлеу және тірек- қимыл аппараттары зақымданған балалар түзету-дамытушылық, емдік — сауықтыру шараларын арнайы сала мамандары мен медицина қызметкерлерінен алады;
• орта кәсіптік білім беру мекемелерінде өздері таңдаған мамандықтарды игере алады;
• өзі қатарлас – балалар жөнінде неғұрлым толық және шынайы түсінік алып, өз ерекшеліктерін дұрыс қабылдайды;
• әлеуметтік өмірге толыққанды бейімделеді;
Бұл аталмыш мектеп- интернаттың ең басты артықшылығы, ЕББҚ ететін ШҚО ауыл – аймақ және қала балаларына зор мүмкіндік. Балалар жас ерекшелігіне және денсаулық жағдайына байланысты әр түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Кең және жаңа форматта ашылған мектеп-интернатта балалар үшін барлық жағдайлар қарастырылған, арнайы мамандардың кабинеттері толығымен заманауи талаптарға сай жабдықталған.
2016 жылы 12 желтоқсанда “Ақ ниеттің” салтанатты ашылу жиында Күршім ауданындағы үлгілі-тәрбиелі, толық отбасынан алғашқылардың бірі болып келген Әйкен Ерікболсын да болды. Ана сүтін, дене үшін табиғат әзірлесе, ерекше балалардың рухын биіктету үшін біздің педагогтер зор үлестерін қосуда. Ерікболсынның алғашқы тәрбиешісі – Мадиева Назым Асембаевна болды.
Ата-ана сеніп тапсырған соң ертеңгі қоғамның бір беделді тұлғасын тәрбиелеу педагог-тәрбиешіге жүктеледі. Өз отбасынан басқа ортаға келіп түскенде дұрыс бағыт-бағдар беріп, қоғамда өзін жан-жақты көрсетіп ашылуы үшін алғашқы тәрбиешісінің орны ерекше болды. Ерікболсын кез-келген мектепішілік іс-шараларда шебер жүргізуші болып, сайыстарға қатысқанда топтың көшбасшысы болуға үйренді.
“Ақ ниеттің” педагогтары әр тәрбиеленушіні әлеуметтендіру, біліктілігін арттыру, денсаулығын нығайту жолында үлкен жауапкершілікті іс атқара білді. Сол себепті, интернаттық ұйымдарда ерекше бала үшін ең жақын адам ол –тәрбиешісі. Бұл жаңа кезең бала жүрегінде ұмытылмайтындай өшпес із қалдыратыны сөзсіз.
2019 жылы алғашқы түлектердің бірі болып ҰБТ жақсы нәтиже көрсетіп, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Жоғары педагогика мектебі, педагог-психолог мамандығына оқуға түсті. Қазіргі жұмысқа тұрудағы жаңа талаптарға сай барлық кезеңдерден құрылған конкурстан, ең жоғарғы балл алып, өтіп, бүгінде өзі ұшқан ұясына жоғары білімді педагог-психолог маманы болып келді. Ерекше балалармен жандары үндестікте болғандықтан Ерікболсын тәрбиеленушілермен тез, жақсы тіл табысуда. Алғашқы еңбек жолын өз интернатында бастағандықтан жас маманға әріптестері жан-жақты қолдау көрсетуде.
Бүгінде “Ақ ниеттен” тәлім-тәрбие, дағды, бағыт-бағдар алып, өз күштеріне сеніп «Өмір» атты үлкен жолға қысылмай қадам басып, жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап, еңбек жолдарын бастап жатқан қаншама тәрбиеленушілерімізбен мақтана аламыз.
Өзінің екінші үйіндей болып кеткен ұжымына келген Ерікболсынға қиын да қызықты еңбегіне мол жетістіктер тілей отырып, ерекше балаларды өмірге қанаттандырып, ата-ана алғыстарына бөлене бер, шығармашылық табыстар, жарқын болашақ тілейміз деп өз ойымды аяқтағым келеді.