Армысыздар, құрметті оқырмандарым, қаймағы бұзылмаған қазақ елі! Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! «Ақ ниеттегі» әр ұлт өкілі қонаққа келіп, ақ дастархан жайылып, ерекше аталып өткен Наурыз мерекесі барысында педагогтарымыздан алынған жүрекжарды құттықтау лебіздерін қабыл алыңыздыр! Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі.
Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт — береке әкелсін!
Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, әрбір жаңа күн әр отбасына шат көңіл, бақыт және береке сыйласын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Наурыз мерекесі жақындаған сайын әрбір отбасы Наурыз көже жасауды міндет деп санайды. Тіпті білмейтін жас жеңгелеріміз үлкен адамдардан ақыл-кеңес сұрап, Наурыз көжеге не қосу керектігін саралап жатады.
Төменде «Ақ ниет» мектеп-интернатының 4 топ тәрбиеленушісі Серікбек Айбардың анасы Нұрсауле ханымның наурыз көжені даярлау үлгісін ұсынып отырмыз.
Құрамы: 1 келі ет
Қазы, қарта
100 грамм бидай
100 грамм күріш
100 грамм жарма (перловка)
100 грамм тары
Тұз
3 литр су
1 литр сұйық құрт
Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатыңыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып,. 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға салып, қалауыңызша құрт қосып араластырыңыз. Астарыңыз дәмді болсын!
Қазақтың той дастарханын бауырсақсыз елестету мүмкін емес. Өзі дәмді әрі тойымды нан тағамы ұлттық тағам түрі саналады. Дастарханның сәніне айналған бауырсақты сүйсініп жемейтін қазақ жоқ шығар, сірә!
Наурыз мерекесі – халқымыз асыға күтетін мейрам. Ұлыстың ұлы күнін молшылық пен тоқшылықта қарсы алуға асығатын халқымыз дастарханға бауырсақты молынан қояды. Осы күні әрбір шаңырақта майдың иісі шығып, бауырсақтан дәм татпайтын адам болмайды.
Қазақ халқы нан тағамдарын аса қадірлеген. Бауырсақты жас та, кәрі де сүйсіне жейді. Негізінен еліміздің әр өңірінде бауырсақты түрліше дайындайды. Ши бауырсақ, ақ бауырсақ, май бауырсақ деген түрлері бар.
Осы парақшаны жүргізетін педагог-тәрбиеші — мен, Мадиева Назым Асембаевна, бүгін сіздерге анам мен ұлым Әбілмансұрдың Марқакөлдің бауырсағы мен қима бауырсақ пісіргенінен бейне үзіндіні ұсынып отырмын. Анамыздың дастарханының сәніне айналған дәмді әрі жұмсақ бауырсақтары көп болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын, ағайын!
ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ ТҮРЛЕРІН БІЛІП ЖҮРЕЙІК! Қазақ халқының дәстүрлі тағамдану жүйесі қоршаған экологиялық жүйемен және шаруашылығымен тығыз байланысты болды. Сондықтан қазақтың әрбір дәстүрлі тағамы денсаулыққа қажетті құндылық бола отырып, пайдасының зор екенін білеміз. Бұл ғылыми тұрғыдан да әлдеқашан дәлелденіп қойған. Қазақ халқының өмірінде ет, сүт тағамдары ең басты орынды иеленеді. Бұл тағам түрлерінің емдік, тұрмыстық қасиеттері бар.
Ұлттық киім – әрбір халықтың өткенінен ғана сырт шертпей, сонымен қатар тұрмыс-тіршілігі, мәдени болмысы, наным-сенімдерін де анықтауға мүмкіндік беретін қасиетке ие. Наурыз мерекесі қарсаңында «Ақ ниет» мектеп — интернатының тәрбиеленушілерімен «Ұлттық киімдер — ұлт нақышы» тақырыбында әңгіме өткізілді. Әңгіме барысында балалар түркі халықтарының ұлттық киімдерінің ерекшеліктерімен және бірегейлігімен танысты. Флешмобқа қатысып, онда қазақ, өзбек, татар, тәжік ұлттарының киім үлгілерін көрсетті.
Өміріміздің ең бақытты сәтінде ұлттық дәстүрлерімізді насихаттаудың өзі — айқын адалдықдың белгісі. Біздің қасиетті халқымыздың рухани жәдігерлерінің бірі — дәстүрлі халық әндері болып табылады. Наурыз мейрамы қарсаңында, “Ақниет” мектеп-интернатының педагог — тәрбиешілері мен мұғалімдері: Турусбекова К.Р.,Текенева Г.Ж., Базылханова К,Аманова А.И, Туйебаева А.К, Чанваева А.Т дәстүрлі халық әндерін орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Мереке сіздерге бақыт, қуаныш, сыйласын! Бүгін 0-4 сыныптар арасында «Наурыз тойы – мерекем, салт-дәстүрім берекем!» атты мерекелік іс-шара өтті. Наурызға күйден шашуын ала келген арнайы шақырылған өнерлі қонағымызға лайықты баға бере отырыңыздар! Құрманғазының күйі «Адай» Орындаған: Туреханұлы Мирас
Мерекеге Қыдыр ата болып келген қонағымыздың әнін тамашалаңыздар! Ән: «Сайра бұлбұл»
Орындаған: Игисинов Әділет
4 топтың ата-аналары өз тобын таныстырып, Наурыз көже туралы мәліметтер айтып, ұлттық нақыштағы киім үлгісін көрсетіп, мол дастархан жайып өзара өнер көрсетті. Наурыз тойында әдемі ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би мен қызықты сайыстар болды. Ән мен тәттіден шашу шашылып, балалар қызық-қуанышқа кенелді. Наурыз — бақыт пен шаттық мерекесі. Наурыз – көктем мерекесі. Наурыз тойы ән мен күйдің шашуы! Мерекеден мерекеге дейін аман-есен жете берейік, ағайын!
Құрметті оқырмандар, ұстаздар, «Ақ ниет» білім ошағының тәрбиеленушілері, Наурыз мейрамы құтты болсын! Сіздерге денсаулық, бақыт тілейміз! Бүгін орта және жоғары топ тәрбиеленушілері арасында Наурыз мерекесіне арналған дүбірлі «Төрлет, Наурыз төріме!» атты ойын-сауық шарасы өтті! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге, жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді. Ендеше, той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін! Ата-бабаларымыз, наурыз мерекесін «Ақ түйенің қарыны жарылған күн» деген! Бұл күні әжелеріміз бен ауыл жастары, үй-үйді аралап, наурыз көжеден дәм татақан. Қонаққа барып, той дастархан төрінен орын алған!
14 наурыз — Көрісу мейрамы. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәттілерін қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді.
Құрметті «Ақ ниеттің» оқырмандары, қазақ елі, сіздерді бүгінгі Көрісу мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз, мерекеден-мерекеге аман-есен жете берейік!